Кеше кешке Астана қаласында 100 мың абонент жарықсыз қалған
Кеше кешке Астана қаласының 20 пайызы жарықсыз қалған. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің төрағасы Сұңғат Есімханов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.
«Біз қаланың бір бөлігі электр қуатынсыз қалғанын түсінеміз. 1,5 сағат – бұл өте ұзақ уақыт. Астанада 500 мыңнан астам абонент бар, соның ішінде апаттан кейін 100 мың абонент жарықсыз қалды. Басқаша айтқанда, қаланың шамамен 20%-ында электр қуаты болмады. Барлық шара қабылданды. Түнгі сағат 23.48-де барлық дерлік шектеу алынып тасталды. Қазір жарық станциялары штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - деді Сұңғат Есімханов Астана қаласы коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Айта кетсек, кеше кешке Астананың кейбір аудандарында жарық сөніп қалды.
ҚР Энергетика министрлігінің хабарлауынша, Астана – 2 жылу электр орталығындағы қысқа тұйықталу салдарынан электр өндіру қуаты төмендеп кеткен.
Одан бөлек, «Астана Су Арнасы» елорда тұрғындарының неліктен сусыз қалғанын түсіндірді.