Кеше орталықазиялық энергожүйеде ірі апат орын алды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ -Кеше кешкісін орталықазиялық энергожүйеде апат болып, нәтижесінде Алматы қаласы мен облысында жарық өшіп қалды.

Кеше орталықазиялық энергожүйеде ірі апат орын алды
Бұл апат Орталық Азиядағы энергожүйеде соңғы жылдары орын алған ең ірі оқиғаның бірі болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Алатау жарық компаниясы»АҚ пен «Алматы ЭнергоСбыт» ЖШС баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Бұл оқиғаның орын алуына сағат 20-58-де Қырғызстандағы «Тоқтағұл-Лачин» және «Тоқтағұл-Фрунзе» 500 кВт-тық жоғары кернеулі желісінде апаттың орын алуы себеп болған. Нәтижесінде, Қазақстанға жарық жеткізуші «Солтүстік-Оңтүстік» желісі мен Тоқтағұл ГЭС-інде жұмыс тоқтатылған. Бұның салдарынан Алматы аймағында электр энергиясының жетіспеушілігі 600 МВт-ты, немесе аймақтың тұтыну көлемінің 60 пайызын құраған. «Алатау жарық компаниясы»АҚ пен «Алматы ЭнергоСбыт» ЖШС жедел шараларының нәтижесінде жарық беру сағат 00-20-да қалпына келтірілген. Таңғы сағат 05-30-да Алматы мен облыс аумағында жарық толықтай берілді. Бұл оқиға салдарын зерттеу үшін Қазақстан мен Қырғызстан арасында халықаралық комиссия құрылып жұмысқа кірісті.