Кеше түнде Астанадағы «Шанхай» базарында өрт болды, зардап шегуші бар - ТЖМ
АСТАНА. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат - Кеше түнде Астанадағы «Шанхай» базарында өрт болды, зардап шегуші бар.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінен хабарлағандай, өрт тамыздың 1-інен 2-сіне қараған түні базар аумағындағы «Халал» атты дәмхана ретінде жабдықталған вагоншадан шықты. 40 шаршы метр аумақта орналасқан дәмхана толығымен жанып кетті.
Жалын сондай-ақ, жақын маңда орналасқан азық-түлік контейнерлерінің 10 шаршы метр жеріне жайылды. Тілсіз жаудың жалпы шарпыған көлемі 50 шаршы метрді құрады.
Өрт салдарынан дәмхананың 19 жастағы қызметкері күйік жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді.
От Астана қаласы бойынша өртке қарсы қызметінің 10 адамы мен 3 техникасының күшімен екі жарым сағаттан кейін сөндірілді.