Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы аумағында жатқан Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін.

Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін
Фото: Қазалы аудандық мәдениет бөлімі

Бұл жөнінде археолог Дмитрий Воякин мәлім етті. Кескен-Күйік қалашығы Қазалы ауданына қарасты Бозкөл ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан. Тарих беттерінде ол VІІ-Х ғасырлардан белгілі болып отыр.

— Оғыз дәуірінің көрнекті ескерткіші ретінде танылған қалашықтың көлемі 560×700 метр. Қала шикі кірпіштен қаланған. Сыртқы қорған қабырғамен қоршалған. Оның қазіргі күні сақталған биіктігі 2 метрге жуық. Қаланың ең мықты жоғарғы қабаты VII–IX ғасырмен мерзімделеді Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (жетекшісі С. П. Толстов) жұмысы нәтижесінде 1946 жылы көптеген дерек анықталған. Ал 1958 жылы мәскеулік биолог В.Смирин, 1963 жылы Б.Вайнбергтің басқаруымен қазба жұмыстары қолға алынған. Содан бері күні бүгінге дейін қазба жұмыстары жалғасып келеді. Шірік-Рабат археологиялық экспедициясының (жетекшісі Ж. Құрманқұлов) қолдауымен 2006 жылы фотофиксация жасалып, координаттары алынды. 2007 жылдан бастап ескерткішті Алматы қаласында орналасқан «Археологиялық сараптама» ЖШС барлау жасағы зерттеген. 2019 жылдан «Рутрум» ЖШС тұрақты қазба жұмыстарын жүргізеді. Қазба жұмыстары Мәдениет және ақпарат министрлігі бекіткен «Археологиялық жұмыстардың жоспарына» енгізілген, — деді облыстық «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау» КММ директоры Ерғазы Алданазаров.

Кескен-Күйік қалашығы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін
Фото: Қазалы аудандық мәдениет бөлімі

Халықаралық Орта Азия зерттеулер институтының бастамасымен қолға алынған археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан экспедиция құрамына Дмитрий Воякин, Александр Долгушев және өзге де білікті ғылыми қызметкерлер, археологтар мен ғалымдар кіреді. Жобаның ғылыми жетекшісі — Денис Викторович Сорокин. 

— Жинақталған жәдігерлер аталған қалашықтың қолөнер орталығы болғандығын дәлелдейді. Қала тұрғындары керамика өндірісімен айналысқан. Оған қоса қола, мыс және темір балқыту және шыныдан ыдыстар дайындалған. Оған дәлел ретінде табылған керамикалық саптыаяқтар, ұршықтың бастары, керамикалық дастархан бөліктерін айтуға болады. Сондай-ақ керамикалық қақпақ бөліктері және өзге де шыныдан жасалған моншақтардың бай коллекциясы, қола асықтар, мыс сақиналар және өзге де заттай жәдігерлер көзге түсті. Келешекте қала ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуі мүмкін, — деді археолог Дмитрий Воякин.

Бұған дейін хабарланғандай, Атырау облысындағы қорғандардан Сармат дәуірінің алтыны табылды.

Соңғы жаңалықтар