Кевин Спейси Өзбекстанда аяқ астынан ауруханаға түсіп қалды

Америка актері Кевин Спейси инфаркт алуы мүмкін деген күдікпен Ташкент ауруханасына жатқызылды. The Sun британ басылымының хабарлауынша, оны қарап, тексерген дәрігерлер алаңдауға негіз жоқ екенін айтқан, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі. 

Кевин Спейси
Фото: Shutterstock

64 жастағы Кевин Спейси 29 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өткен XV Ташкент халықаралық кинофестиваліне қатысу үшін Өзбекстанға келген.

«Картадан тұрғызылған үй» пен «Америка сұлуы» жұлдызы жүрек талмасы күдігімен Ташкенттегі медициналық мекемеге жеткізілді.

Актер Самарқандағы Афрасиаб көне қаласы маңында музей қабырғасындағы суреттерді тамашалап жүргенде өзін нашар сезінген.

Актердің сол қолы бірнеше секунд қозғалмай қалғаны хабарланды.

Спейси Ташкентте МРТ тексерістен өтіп, күдігі расталмады.

Кейінірек ол сахнаға шығып, көрермендерге бәрі жақсы екенін айтты. 

«Бұл жағдай біздің өміріміз қаншалықты қыл үстінде тұрғаны жайында ойландырды», - деді актер.

Кевин Спейси – америкалық театр және кино актері, кинорежиссер, сценарист, продюсер. Көптеген фильм мен сериалға түскен.

«Кәдімгі күдіктілер», «Америка сұлуы» фильмдері мен «Картадан тұрғызылған үй» сериалы үшін «Оскар» (1996, 2000), BAFTA (2000), «Алтын глобус» (2015), «Тони» (1991) және «Грэмми» (2006) сыйлықтарына лайық деп танылған.