Кей өңірде балаларға арналған нейрохирургия орындары жоқ – министр себебін айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздің кейбір облыстарында балалар нейрохирургиясына арналған төсек-орын мүлдем жоқ. Аталған жайтқа қатысты Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кей өңірде балаларға арналған нейрохирургия орындары жоқ – министр себебін айтты

«Иә, ұлттық нейрохирургия орталығы ұсынған презентацияда бірнеше облыста балалар нейрохирургиясы бойынша төсек-орындардың жоқтығы айтылды. Бұл жаңа облыстар, себебі облыс екіге бөлінген кезде, бар төсек-орындар бұрынғы облыс орталығында қалды. Қазір бұл мәселені шешу үшін «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жаңа облыстарда құрал-жабдық сатып алынып, нейрохирургиялық бөлімдер ашылады», - деді Ажар Ғиният елордада өтіп жатқан нейрохирургтардың V конгресс барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

Алайда, БАҚ өкілдері балалар нейрохирургиялық төсек-орны жоқ өңірлердің қатарында СҚО-ның барын айтып, жаңа облыс еместігін алға тартты.

«Жалпы, төсек-орын қажеттілікке қарай ұйымдастырылады. Егер өңірде балалар нейрохирургиясы бойынша медициналық көмек көп қажет етілмесе немесе балалар саны аз болса, ондай жағдайда қызметті жақын маңдағы аудан немесе облыс орталығынан алады», - деп жауап берді ведомство басшысы.

Министрдің айтуынша, нейрохирургия саласы елімізде қарқынды дамып келеді, соңғы технологиялар енгізіліп жатыр. Сонымен қатар, салада Еуропа елдерімен бәсекелесе аламыз.

Айта кетейік, елордада отандық нейрохирургтердің V конгресі өтіп жатыр.

Мемлекет басшысы ұлттық нейрохирургия орталығын 15 жылдығымен құттықтаған еді.