Кей препараттардың зияндылық санатын ауыстыру қажет - депутат

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде «Трамадол», «Тропикамид», «Мидакс», «Сомнол» және «Лирика» препараты сатылымына бақылауды күшейту мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кей препараттардың зияндылық санатын ауыстыру қажет - депутат

«Мемлекет басшысы биыл Қазақстан халқына Жолдауында синтетикалық есірткіні тұтыну проблемасын қозғады. Президенттің айтуынша, соңғы үш жылда айналымнан алынған синтетикалық есірткі көлемі 10 есе өскен. Жыл өткен сайын синтетикалық есірткі арзан әрі қолжетімді болып барады. Тәжірибе көрсетіп отырғандай есірткінің аталған түрін әлеуметтік желілер, мессенджерлер арқылы, тіпті үйге де жеткізіп береді», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Елубаев депутаттық сауал жолдай отырып.

2021 жылғы 10 маусымда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №396 Қаулысымен адам денсаулығына зиянды заттар тізбесі анықталды. Оған «Трамадол», «Тропикамид», «Мидакс», «Сомнол» және «Лирика» препараттары енгізілді.

Мәжіліс депутатының айтуынша, жоғарыда аталған препараттар айналымына заңмен ешқандай жауапкершілік көзделмеген.

«Осы орайда «Трамадол», «Тропикамид», «Мидакс», «Сомнол» және «Лирика» препараттарын адам өмірі мен денсаулығына зиянды әсер ететін күшті заттар санатынан стероид емес қабынуға қарсы препараттар санатына ауыстырған жөн деп есептейміз», - дейді ол.

Сонымен қатар халық қалаулысы аталған мәселені ерекше бақылауға алып, заң аясында шешім қабылдау керектігін айтты.

«Біріншіден, фармацевтикалық ұйымдар мен медициналық мекемелерге көрсетілген препараттарды тағайындау мен сатуға қойылатын талаптарға бақылауды күшейту керек. Екіншіден, Қазақстан Республикасының қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көзделген есірткі құралдарымен және психотроптық заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту қажет», - деді М. Елубаев.





Фото: www.parlam.kz