Кейбір әлеуметтік тауарлар өндірушіден тұтынушыға жеткенше 10 есе қымбаттап жатыр – депуаттық сауал

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сенатор Қайрат Тастекеев әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасын 15%-дан асырмау туралы заң талабы барлық жерде сақталмайтынын айтып, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құны өндірушіден соңғы тұтынушыға жеткенше негізсіз 10 есе өсу фактілері бар. Бұл ретте айырмашылықтың басым үлесі азық-түлік дүкендеріне тиесілі болды. Мысалы, егер «Magnum» гипермаркетінде қанттың бағасы 500 теңге болса, тұрғын үйлерде орналасқан дүкендерде бұл тауардың құны 900 теңгеге жетеді. Бағаның көтерілу себебі әкімдіктердің сауда қызметіне тұрақты мониторинг жүргізбеуіне байланысты деп санаймын», - деді Қайрат Тастекеев.

Сондай-ақ, Сенат депутаты баға мониторингін ашық жүргізу үшін тауар жеткізу процесін бастан-аяқ цифрландыру қажеттігін айтты.

«Сауда және интеграция министрлігі облыстардың, қалалардың әкімдіктерімен бірлесіп, бөлшек сауда үстемесінің сақталуына мониторингті күшейтіп, қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруы тиіс. Нарықтық тетіктерге сәйкес келетін азық-түлік бағасын тежеу бойынша түбегейлі жаңа тәсілдерді әзірлеу қажет. Осы тауарларды нарыққа шығарудан бастап, түпкілікті тұтынушыға сатуға дейінгі бүкіл сауда процесін цифрландыру керек», - деді сенатор.


Соңғы жаңалықтар
telegram