Кейбір әуе компаниялары ұшақтарының қайда екенін білмейді - ААК

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық авиация комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы - бас мемлекеттік авиациялық инспекторы Тоты Әмірова әуе компанияларының авиациялық қауіпсіздік ережелерін бұзуын тоқтатпаса қатаң шаралар қолданатындығын мәлімдеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Кейбір әуе компаниялары ұшақтарының қайда екенін білмейді - ААК

Азаматтық авиация комитетінің ғимаратында бүгін әуе компанияларының басшылары жиналды. Тоты Әмірованың айтуынша, кейде авиациялық оқиғаларды жасырып қалатын жағдайлар кездесетін көрінеді. Соның салдарынан әуе апатының орын алғаны және оның құрбандарын Комитет елмен бірге естіп жатады.

«Осы себепті сіздердің барлықтарыңызды бүгін жинап отырмыз. Қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы жағдайына ешқандай түсіністікпен қарауға болмайды. Жаза қолданылуы керек. Жыл басынан бері үш әуе апаты тіркеліп, бес адам мерт болды», - деді Тоты Әмірова.

Қазақстанның бас авиациялық инспекторының айтып отырған үш әуе апатының ең алғашқысы ШҚО аумағында тіркелген болатын. 25 ақпанда Аягөз ауданының аумағында «Стрекоза 7-Gazelle SA341» тікұшағы құлап, ұшқыш қаза тапқан. Екінші жағдай бойынша 27 шілдеде Алматы облысында Як-12М ұшағының апатынан 2 адам көз жұмса, 10 тамыз күні оқу-жаттығу барысында «Технам 2002» әуе ұшағы тағы сол Алматы облысында құлаған болатын.

«Мұны тоқтату керек. Кей жағдайда бізге ұшақтың құлағаны немесе жанып жатқаны туралы жалған ақпараттар келіп түсіп жатады. Қайта тексеру жүргізуге тура келеді. Кейде тіпті әуе компаниясының басшылары бір сағат бойы ұшағының қайда кеткенін білмей жататын кездер бар», - дейді Тоты Әмірова.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасының орынбасары міндетін атқарушы қатаң шаралар қолданылмаса, әуе компанияларын лицензиясын айыру мәселесі қаралатынын жеткізді.