Кейбір федерациялар бапкерлерді аттестаттау бойынша жұмыс жүргізбейді – Дәурен Абаев
Дәурен Абаев еліміздегі 25 жеңіл атлетикалық манеждің тек бірнешеуі ғана жалпы талаптарға сай екенін айтты. Ал 367 жүзу бассейнінің тек екеуінде халықаралық талаптарды ескере отырып жарыстарды өткізуге болатындығына қынжылыс білдірді. Сонымен қатар ол ұлттық құрама команда мүшелерін даярлауды қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталды. Шілде айынан бастап республикалық спорт колледжі базасында күрес түрлері бойынша жаттығу орталығының жұмысы пилоттық режимде іске қосылса, К.Ахметов атындағы республикалық олимпиадалық резерв мектеп-интернат-колледжі базасында Дзюдо академиясы ашылғанын атап өтті.
Министр кадрлық қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды.
«Бүгінде елімізде 13 700 бапкер жұмыс істейді. Олардың тек 4 пайызы ғана жыл сайын біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жүр. Кейбір федерациялар тіпті бапкерлерді аттестаттау бойынша жұмыс жүргізбейді. Сондықтан федерациялар осы бағыттағы жұмысты жандандыруы қажет», – деді министр.
Фото: www.facebook.com/Даурен Абаев