Кейбір ірі салықтар жергілікті бюджетке берілуі мүмкін

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде жиналатын кейбір ірі салық түрлерін жергілікті бюджеттің құзыретіне беру жағы қаралып жатыр. Бұл туралы Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір ірі салықтардың бір бөлігін жергілікті бюджетке берудің жолдарын пысықтап жатырмыз. Бізде төрт ірі салық түрі бар: корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы, әлеуметтік салық және жеке табыс салығы. Бүгінде жеке табыс пен әлеуметтік салық жергілікті бюджетке тиесілі. Мемлекет басшысының былтыр қыркүйектегі тапсырмасы бойынша жергілікті бюджеттердің кіріс базасын нығайту жұмысын жалғастырамыз», - деді Азамат Амрин Сенатта өткен дөңгелек үстел барысында.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығын да жергілікті бюджеттің құзыретіне беру жағы қаралып жатыр.

«Жалпы, салық базасынан жергілікті бюджеттерге тиесілі түсім – 35%, бұл – 5 трлн теңгеден астам. Екінші деңгейдегі (облыстық) бюджет бойынша көрсеткіш – 62%. Үшінші деңгейдегі (аудандық) бюджеттер – 37%. Ал, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында (төртінші деңгейдегі бюджет) – 1%. Түскен қаражатты бөлуді әкімдік пен мәслихат жүзеге асырады», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар
telegram