Кейбір министрліктер 2011 жылдағы қызметті қорытындылауға арналған алқа мәжілістерін өңірлерде өткізеді
АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Кейбір министрліктер 2011 жылдағы қызметті қорытындылауға арналған алқа мәжілістерін өңірлерде өткізеді.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мәлім етті.
«Мен Премьер-Министрдің Кеңсесіне алдағы дүйесенбіден бастап барлық министрліктермен және ведомстволармен алқа мәжілістерін өткізу мәселесін қарастыруды тапсырамын. Қазіргі кезде бұл жұмыстар басталды. Кейбір министрліктер бойынша алқа мәжілістерінің бір бөлігін өңірлерде өткіземіз», - деді Үкімет басшысы.
Сөз соңында К. Мәсімов мемлекеттік органдардың алқа мәжілістері аяқталғаннан кейін 2011 жылдың қорытындысы бойынша және 2012 жылға негізделген мақсат міндеттер тұрғысында Үкімет отырысы өтетінін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын Премьер-Министрдің қатысуымен әр министрлік пен ведомстволарда қорытынды алқа мәжілістері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.