Кейбір тұрақтандыру қорлары бос тұр, бөлінген қаржы депозиттерде жатуы мүмкін - А.Мамытбеков
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда тұрақтандыру қорлары бос тұрған облыстар бар. Өкінішке орай оларға бөлінген қаржы депозиттерде жатуы мүмкін.
Бұл туралы ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков мәлім етті.
«Бізге жылына шамамен 4 млрд. долларға пара-пар азық-түлік пен өнім сырттан әкелінеді. Теңге курсының өзгеруі аталған тауарлардың қымбаттауына әкелетіндігі түсінікті. Сондықтан бұған қарсы қандай да әкімшілік жолдар қолдану барынша қиын, тіпті кері реакция да туындатуы мүмкін», - деді ол.
А.Мамытбековтің пайымынша, әкімшілік шаралар қолдану аталған тауарлардың елге келуіне тосқауыл болып, соның салдарынан ішкі нарықта тапшылық орын алуы мүмкін. Яғни, асыра сілтеушілікке жол бермеу қажет.
Сонымен бірге министр елімізде арнайы құрылған тұрақтандыру қорларының жұмысын мұндай жағдайда тиімді басқару маңызды екендігін баса айтты. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі таңда республикадағы тұрақтандыру қорларында 43 мың тонна тауар бар. Оның 20 пайызы Шығыс Қазақстанда, тағы 20 пайызы Солтүстік Қазақстанда шоғырланған. Ал қалғаны басқа облыстарға бөлінген.
«Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорлары бос тұрған облыстар да бар. Өкінішке орай бұл басқарудың дұрыс еместігіне дәлел, бұл ақшалар депозиттерде жатқан да шығар. Сондықтан да бүгіннен қалдырмай оларды толтыру мүмкіншіліктерін іздестіру қажет», - деді.