Кейбір қожалықтардың астық шығымы гектарына 40 центнерге жетті - министр

АСТАНА. KAZINFORM – Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің бірінші форумында егіс науқанының қорытындысын мәлім етті.

егін
Фото: БҚО ауыл шаруашылығы басқармасы

«Көрсетілген қолдаудың арқасында, биыл Қазақстан рекордтық 26,7 млн тонна астық жинады. 560 мың тоннадан аса күріш, 290 мың тоннадан астам мақта, 2,9 млн тонна картоп, 3,9 млн тонна көкөніс және 3,2 млн тонна майлы дақыл жиналды. Бұл - Қазақстанның ішкі нарық қажеттілігін жабуға және экспорттық әлеуетті көтеруге мүмкіндік береді», - деді министр.

Оның пайымдауынша, саладағы орташа дақыл өнімділігінің жоғары болуы мемлекет пен бизнестің бірлескен жұмысының арқасында тіркеліп отыр.

«Агротехнология сақтаған шаруашылықтарда өнімділік гектарына 20-дан 40 центнерге дейін жетті. Ал агротехнологияларды ұстанбаған көрші шаруашылықтарда бұл көрсеткіш гектарына 6 центнерден аспады. Бұл айырмашылықтар агросекторды одан әрі жаңғыртудың және бүкіл ел бойынша өндіріс жағдайларын теңестірудің маңыздылығын көрсетеді», - деді Айдарбек Сапаров.