Кейбір ЖИ жобасын жасауға АҚШ-тан көрі Қазақстан оңтайлы — IT сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллектіні медицина саласына енгізу үшін Америкадан көрі Қазақстанның заңнамасы мен экономикасы оңтайлырақ болатын сәттер кездеседі. Бұл туралы IT сарапшылар айтып берді.
IT кәсіпкер Азат Есенов елімізде жасалған жобаның қазір АҚШ-та даңқы шығып жүргенін баяндады.
— Бізде Cerebra атты стартап компания бар. Бұл — компьютерлік томография арқылы адамның инсультқа ұшырауына болжам жасау бойынша әлемдегі ең озық жоба. Оны Алматыда қазақ жігіттері ойлап тапқан. Қазір Америкада кеңінен қолданылып жүр, - дейді сарапшы.
Astana Hub бас директорының кеңесшісі, стартаптар мен технологияларды дамыту саласындағы сарапшы Данабек Қалиаждаровтың айтуынша, бұл жоба АҚШ-та өмірге келуі мүмкін емес көрінеді.
— Бұндай стартапты Америкада жасау қиын. Себебі ол жақта адамдардың томографиялық кескінін алу мүмкін емес. Бізде заңнама сондай. Ауруханаға немесе Денсаулық сақтау министрлігіне хабарласып, осындай жобаға адамдардың аты-жөні өшірілген томографиялық кескін керек еді десең, оны алуға болады. Америкада ол ақпаратты алу үшін бірнеше сатыдан өту керексің, 10 жылғы өзіңнің тарихыңды көрсету керексің, ақыры бәрібір рұқсат ала алмайсың, - дейді ол.
Одан бөлек, Қазақстан медицинасының кәсібилік деңгейінің әлемдік стандарттарға сай болуы да бұндай жобаларды сынақтан өткізуге жол ашатын көрінеді.
— Тағы бір мысал, адамның фотосына қарап, оның көзінің астындағы дақтарға талдау жасай отырып, оған диагноз қоюға болады екен. Оны сынақтан өткізу үшін 10 мың адам керек. Әр адам түгелдей талдау үлгілерін тапсыруы, 4 күн ауруханада жатуы керек. Кейін дәрігерлер сол талдау нәтижелерін шығарады. Сосын фотоға қарап ЖИ жасаған диагноз бен талдау нәтижелерінің арасында қандай да бір байланыс заңдылығы барын тексереді. Осы зерттеуді Америкада жүргізу үшін 10-20 млн доллар кетеді. Ал Үндістан, Пәкістан, Бангладеш секілді елдерде жүргізу анағұрлым арзан болады, бірақ бұл елдердің медицинасы кенже дамығандықтан, зерттеуді дұрыстап жүргізе алмайды. Қазақстан осы тұрғыда ең оңтайлы ел саналады. Себебі біздің елде медицина жетік дамыған және өмір сүру құны арзан, - дейді Азат Есенов.
Айта кетейік, бұған дейін алаяқтар ЖИ-ді қолданған жағдайда қалай қорғану керектігін жазған болатынбыз.