Кейінгі бес жылда психикалық дертке шалдыққан балалар саны 1,7 есе артты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Туа біткен ауру салдарынан балалардың 32,5 пайызы мүгедек болады. Мұндай деректер Ашық НҚА порталында жарияланған ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту жөніндегі 2024-2030 жылдарға арналған «Әрбір әйел - әрбір бала» тұжырымдамасында көрсетілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейінгі бес жылда психикалық дертке шалдыққан балалар саны 1,7 есе артты

«Соңғы 5 жылда аутизмді қоса алғанда, психикалық дамуы бұзылған балаларды бастапқы анықтау санының 1,7 есеге артқаны байқалады. Айта кету керек, ерте диагностика медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында жүргізілуі керек. Бұл ретте психикалық денсаулық мәселелерімен айналысатын мамандардың сауаттылығын арттыру маңызды», - деп жазылған тұжырымдама-жобасында.

Денсаулық сақтау министрлігі 2017-2021 жылдарда балалардың арасында мүгедектікке әкеп соққан ауруларға талдау жүргізген.

«Талдау көрсеткендей, жетекші орынды туа біткен даму ақаулары (30,3%-32,5% аралығында), жүйке жүйесі аурулары 2-орында (21,7%- 23,7% аралығында), 3-орында психикалық дерттер (11,1%-17% аралығында) және эндокриндік аурулар (4,8%-6,4% аралығынды). Бұл жағдайға ықпал ететін факторлардың бірі - шала туған нәрестелерді тірі алып қалуға мүмкіндік беретін медицинаның қазіргі даму деңгейі», - делінген министрлік деректерінде.