Кейкі батырдың бас сүйегі сақталған жəшік Қостанай облысына тапсырылды
![None None](/static/img/plug.webp)
Басқосуға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Əбдіқалықова, ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Қостанай облысының əкімі Архимед Мұхамбетов, Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани, ҚР Парламенті депутаты Қуаныш Сұлтанов жəне басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференцияны Қостанай облысы əкімі жүргізіп отырды.
ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Əбдіқалықова өзінің кіріспе сөзінде елімізде рухани бағытта жүзеге асырылып жатқан шаралардың маңызына тоқталды.
«Кейкі Көкембайұлы - болмысы бөлек батыр. Халықтың жоғын жоқтап, əділдік пен парасаттың ақ туын көтерген бабамыз ар-намысты бəрінен биік қойған. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты бағдарламалық мақаласында тарихтың сабағынан нəр алуымыз керектігін баса айтты. Міне, осы бағытта қасиетті Қостанай өңірінде біршама шаруалар атқарылуда. Оған бəріміз куəміз. Осы істеріңіз жалғаса берсін», - деді Мемлекеттік хатшы.
Венгрияның Қазақстандағы елшісі Андраш Барани Қазақстан мен Венгрияның тарихи байланысы жөнінде айтты. Елші сөзіне сүйенсек, алдағы уақытта елдің ғалымдары бірігіп, бірнеше жобаның орындалуына мұрындық болады.
ҚР Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Кейкі батырға қатысты барлық деректерді облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке тапсырды. Сондай-ақ, Астана қаласында жасалған батыр мүсінін Қостанай облысы музейіне сыйға тартты.
Мұнан соң ҚР Парламенті депутаты Қуаныш Сұлтанов баяндама жасады.
«Кейкі батыр кесенесінің туған жерінде бой көтеруі - еліміздің тарихи тұлғаларға деген құрметінің көрінісі. Ерліктің символы іспеттес қолмерген сүйегінің елге оралуы да санамыздың жаңғырғаны деп білемін. Иə, қазақтан басқа ешбір ел бодандықтың зардабын осыншалық көрмеген шығар. Ал сонау қиын кезеңдерде бас көтерген арда тұлғалар əр өңірде болды. Торғай топырағынан шыққан Кейкі Көкембайұлының азаттық жолындағы ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Оның тарих бетінен өшірілмеуі де біздің қолымызда», - деді Қуаныш Сұлтанов.
ҚР Орталық мемлекеттік мұражайының директоры Нұрсан Əлімбай Кейкі батырдың басы сақталған жəшікті Қостанай облысына тапсырды. Конференцияда белгілі ақын Серік Тұрғынбекұлы мен Кейкі Көкембайұлының тікелей ұрпағы Сейтқали Қосжанов баяндама жасады.
Батыр Жолайұлы