Кейкі батырдың бас сүйегін тән сүйегімен қосуды армандаймыз- Ерлан Сыдықов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордадан Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы Ерлан Сыдықов бастаған экспедиция жолға шықты. Бағыты - Торғай даласы, Жыланшық өзенінің бойы. Мақсаты - Кейкі батырдың мүрдесі жерленген орынды табу. Осы ақпаратты естігеннен кейін Ерлан Батташұлына қоңырау шалып, шағын сұхбат алуға тырысқан едік.
- Ерлан Батташұлы, өзіңіздің басшылығыңызбен экспедицияның жолға шыққанын естідік. Сапарларыңыз сәтті болсын! Экспедицияның негізі мақсаты жайында айтып берсеңіз.
- Осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі өткен болатын. Ол өз уақытымен, сәтімен өткен шара.Себебі соның алдында ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көрген болатын. Конгресс барысында аталған мақалада айтылған ойларды жүзеге асыру жөнінде ой-пікір алмасылып, тарихшылардың алдағы уақыттағы міндеттері нақтыланды. Мұнан бөлек «Егемен Қазақстан» газеті, Түркі академиясы, Қазақстан тарихшыларының ұлттық конгресі, Еуразия ұлттық университеті бірігіп үлкен бір жоба әзірлеп, бекітті. Ол жоба танымдық-ақпараттық экспедициялар ұйымдастыруды көздейді. Яғни, оның аясында Қазақстанның киелі, қасиетті жерлерін анықтау, көру, сараптау, баға беру, сонымен қатар жер-жерлердегі өлкетану музейлеріне ғылыми-әдістемелік көмек көрсету, өзге де іс-шаралар ұйымдастырып, насихаттау қарастырылады.
Міне, осы тұрғыдан келгенде ел басшыларының пәрмені мен беделінің арқасында Кейкі батырдың бас сүйегінің Эрмитаждан Қазақстанға жеткізілгені еске түседі. Батыр бабамыз ұлт азаттық көтерілістің басшыларың бірі болған еді. Кейкінің бас сүйегі елге жеткізілгеннен кейін оның мүрдесін іздеу мәселесі алдымызға қойылып отыр. Өйткені қыркүйек айында Арқалық қаласында үлкен ғылыми конференция өтетіндігі белгілі. Бұған қоса, батырдың кесенесін салып бітіріп, ас берілуі қажет. Бұл жұмыстарға қажетті қаржат да бөлінген. Бірақ дәл қазіргі уақытта бір мәселе өз шешімін таппай тұр. Ол - Кейкі батырдың жерленген жерін, мүрдесін табу.
Осыған орай Еуразия ұлттық уинверситетінің археологтары Кейкі батырды жерлеген жерін іздеп табады, оған қажетті қаржы-қаражат мәселесін өзіміз шешеміз деп бастама көтерген едім. Міне, соның негізінде Торғай төңірегін аралап келе жатырмыз, экспедиция жұмыс істеуде. Алдағы уақытта Арқалық қаласында осы Кейкі батырға қатысты деректерді, тарихи оқиғалар төңірегінде кездесулер өткізу жоспарымызда бар. Арқалық педагогикалық институтының ұжымымен кездесуді де көздеп келеміз. Осы қаладағы Өлкетану музейіне көмек көрсету де жоспарланған. Ал ең үлкен мақсатымыз - көнекөз қариялардың айтулары, естеліктері бойынша Кейкі батырдың жерленген орнын тауып, ғылыми негізде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу.
- Экспедиция қанша күнге жолға шығып отыр және қатарларыңызда кімдер бар?
- Сапарымызды негізінен 5 күнге жоспарлап отырмыз. Әрине, уақыт өте қысқа болып тұр. Дегенмен осыдан 10 күн бұрын археологиялық экспедиция жіберген едік. Олар қазіргі уақытта қызу жұмыс жасап жатыр. Мұнан бөлек, осыдан бірнеше күн бұрын фольклорлық экспедиция да жолға шыққан болатын, Ал экспедиция құрамында ғалым, фольклор зерттеушілері, этнографтар, археологтар, тарихшылар, әншілер, айтыскерлер, журналистер бар.
- Кейкі батырдың кісі қолынан қаза тапқанына 94 жыл уақыт өтіпті...
- Иә, 1923 жылы батырдың басы кесілгені белгілі. Бұл Кеңес үкіметінің нық орнап, қызыл террорлық, қуғын-сүргін әрекеттеріне кіріскен сәті болатын. Міне, сол кезде большевиктер 1917 жылы өздеріне қарсы шыққандардың барлығын халық жауы ретінде бірінің басын шапса, енді бірін Сібірге жер аударып құртуға тырысты. Ол 1937-1938 жылдары да жалғасты. Ескі кекті ұмытпаған большевиктер 1923 жылы бейбіт өмір сүріп жүрген Кейкі батырды ұстап алып өлтіріп, басын кесіп алып кеткен. Бас сүйекті Эрмитажға қойып, кімде-кім кеңестік режімге қарсы шығар болса осындай күйге түседі деп сес көрсеткен.
Қорыта айтар болсам, экспедицияның басты мақсаты - батырдың мүрдесін тауып, мұсылманша жерлеу. Алла жолымызды оңғарса, батыр бабамыздың бас сүйегін тән сүйегімен қосуды армандаймыз.
- Сұхбатыңызға рахмет! Батыр бабамыздың мүрдесін тауып, барша қазақстандықтардың атынан сауапты іс атқаруларыңызға тілектеспіз!