Кейкі батырдың ДНҚ сараптамасы қаңтарда толықтай дайын болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кейкі батырдың ДНҚ сараптамасының қорытындысы 2017 жылдың қаңтарында даяр болады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кейкі батырдың ДНҚ сараптамасы қаңтарда толықтай дайын болады

Министрдің сөзіне қарағанда, батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстарына Мажарстан мен Германияның алдыңғы қатарлы мамандары жұмылдырылды.

«Сонымен қатар ДНҚ сараптамасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да осы екі елдің ғалымдары тартылды. Осы ретте германиялық ғалымдарды осы маңызды жұмысқа тартқаны үшін Нұрсан Әлімбайға үлкен алғысымды айтамын»,-деді Мұхамедиұлы.

Оның айтуынша, ДНҚ сынаманың нәтижелері алдағы жылдың қаңтарында жарияланатын болады.

«Нұрсан Әлімбай алдын ала осы мәселемен айналысқан еді, олар ДНҚ бойынша көздің және тері түсін де анықтады. Батыр қараторы, аласа бойлы, кең иықты және мығым денелі адам болған»,-деді министр.

Баспасөз мәслихатынан белгілі болғандай, Кейкі батырдың басы бойынша жасалған мүсіннің сәйкестігі 98,7 пайызды құрап отыр.

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай бұл мүсін батырдың келбетіне толықтай сәйкес екенін жеткізді.

Еске сала кетсек, қазан айының басында Мажарстанда Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстары басталған болатын.

Венгрияның жаратылыстану ғылымдары музейінің антропологиялық бөліміне жетекшілік ететін Агнеш Куштар Кейкі батырдың бас сүйегін қалпына келтіру жұмыстарын өз басшылығына алған еді.