Кейінгі 5 жылда ауылдағы емханалардың саны 3 есе артты - Президент

ауыл
Фото: Pexels

2018 жылдан бастап ауылдағы емханалардың саны 3 есе артқан. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев астанада өтіп жатқан халықаралық конференцияда осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Кейінгі 10 жылда Қазақстан алғашқы медициналық-санитариялық көмектің кешенді қолжетімділігін кеңейтіп, ұйымдастыру саласында айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Нәтижесінде бүгінде 6 мыңдай ұйым алғашқы медициналық көмек көрсетіп отыр. Бұл ұйымдарда 30 мыңға жуық маман жұмыс істейді. Елдегі бала жасындағы халықтың бәрі алдын ала медициналық бақылаумен қамтылған. Әр ірі елді мекенде Жастар денсаулық орталығы бар. Оның үстіне жыл сайын 3 милионнан астам ересек адам скриннинг пен кәсіби тексеруден өтеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Перзидент ауыл тұрғындарына медициналық қызмет алуда тең мүмкіндік ұсыну үшін ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«2018 жылдан бастап ауылдағы емханалардың саны 3 есе артты. Телемедицина және қашықтан мониторингілеу сияқты цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл технологиялар алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қолжетімділігін арттыруда жаңа мүмкіндіктер ашады», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Астанадағы Конгресс орталықта алғашқы медициналық-санитариялық көмек жөніндегі Алматы декларациясының қабылдануының 45 жылдығына және Астана декларациясының қабылдануының 5 жылдығына арналған халықаралық конференция өтіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар
telegram