Кейінгі үш жылда 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған – үйлестіру кеңесі

АСТАНА. KAZINFORM- Кейінгі үш жылда Қазақстанда кәмелетке толмаған 7 мыңға жуық жасөспірім қылмыс жасаған. Олардың әрбір екіншісі ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Осы кезеңде 2,5 мыңға жуық жасөспірім сотталған, тағы 3 мыңы полицияның профилактикалық есебінде тұр. Тек биылдың өзінде буллинг фактілері бойынша 2 мыңнан астам өтініш түскен.

қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы
Фото: ҚР Бас прокуратурасы

Осы мәселелер Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен өткен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланды. Қатысушылар жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың, буллингтің, суицидтің және нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ балаларды қорғау жүйесін жетілдіру мәселелерін қарады.

Отырысқа Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева, Президенттің көмекшісі Елдар Толғанбаев, Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ бейнеконференцбайланыс арқылы облыс прокурорлары мен әкімдері қатысты.

Баяндамалармен Бас прокуратураның Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау қызметінің бастығы Дәулет Ақылбеков, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха және Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов сөз сөйледі.

Берік Асылов
Фото: ҚР Бас прокуратура

Балаларды қорғаудың практикалық тетіктерін талқылау барысында Динара Закиева қайталанған анықтау жағдайларын қоса есептегенде, 800 мыңнан астам баланың көмекке мұқтаж екенін атап өтті. Оларды жеке сүйемелдеу мақсатында отырысқа қатысушыларға «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірленген «BALAZHAN» бірыңғай мемлекеттік платформасы таныстырылды. Платформа орталық деңгейде және өңірлерде анықталған әрбір баланың жағдайын, проблемалардың туындау себептерін және көрсетіліп жатқан қолдау шараларын бақылауға мүмкіндік береді.

Отырыс барысында кәмелетке толмағандар арасындағы нашақорлықтың алдын алу, сондай-ақ цифрлық құралдар арқылы тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтау мәселелері де қаралды. Қауіп-қатерлерді ерте анықтау мақсатында Бас прокуратура «AiMap» IT-жүйесін сынақтан өткізді. Жүйе есірткі сататын интернет-ресурстарға тұрақты түрде кіретін оқушылардың аккаунттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Цифрлық шешімдермен қатар, практикалық жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Бас прокуратураның «Саналы ұрпақ» жобасы аясында 10 айда 19 мың рейд жүргізіліп, 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке қойылған. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында 2 400 бала анықталған. 304 кафенің алкоголь өнімдерін сату лицензиялары кері қайтарылған. Нәтижесінде жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7%-ға төмендеген.

Жамбыл облысының прокуратурасы бастамасымен 190 мектепте құқықтық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары лауазымы енгізілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 24,7%-ға, кәмелетке толмағандардың өздері жасаған қылмыстар 3,4%-ға, ал жыныстық қолсұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар 54,5%-ға төмендеген. Осы тәжірибені республика көлемінде кеңейту ұсынылды.

қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы
Фото: ҚР Бас прокуратурасы

-Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық профилактиканы күшейтуге бағытталған міндеттер айқындалды. Балалардың құқықтарын қорғау комитетіне буллингті, суицидтік тәуекелдерді және өзге де қауіп-қатерлерді ерте анықтау бойынша үйлестіруші рөлді бекіту, профилактикалық жұмыстың көрсеткіштерін әкімдердің қызметін бағалау жүйесіне енгізу, сондай-ақ 111 байланыс орталығы арқылы кәмелетке толмағандарға құқықтық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылды,-делінген хабарламада.

Бас прокурор «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» тұжырымдамаларын ілгерілету аясында әлеуметтік желілерде балаларға арналған пайдалы білім беру контентін әзірлеу мен таратудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдардың балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі жауапкершілігін арттыру қажеттігіне назар аударды.

Осыған дейін Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кейін оқушы көз жұмғаны туралы жаздық.