Кез келген жүйеде адамның рөлі аса маңызды - Брайан Филбин
Хаб баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар Астана хабына қатысушы елдердің мемлекеттік қызметшілеріне арналған аудит, бағалау және тәуекелдерді басқару жүйесі бойынша бірлескен тренингтер мен семинарлар өткізу мүмкіндігін талқылады.
«Мемлекеттік органдардың аудит және бағалау жүйесі - мемлекеттік басқару тиімділігін арттырудың маңызды факторы. Бұл - аймақ елдерінде әлі де жетілдіруді қажет ететін бағыттардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, Канада тәжірибесі үлкен қызығушылық туғызып отыр» - деп атап өтті Әлихан Байменов.
Өз кезегінде Брайан Флинбин мырза мемлекеттік құрылымдар қызметін бағалау жөнінде ой бөлісті.
«Мемлекеттік құрылымдар қызметін бағалауда ең маңыздысы - тәуекелдерді және адами ресурстарды басқаруды бағалау. Өйткені, кез келген жүйеде адамдардың рөлі аса маңызды. Барлық өзгерістерді адамдар жүзеге асырады, сондықтан қызметкерлерді сапалы іріктеу және басқару - негізгі фактор», - деді ол.
Тараптар өзара ынтымақтастықтың келесі нақты қадамдарын айқындады.
Айта кету керек, қазіргі таңда Астана хабына қатысушы елдер саны 40-қа жеткен. Оның ішінде ЭЫДҰ, ТМД, Кавказ, Орталық Азия және ACEAН елдері де бар.