Кездесуде адам құқығы мен бейбітшілік мәселелері сөз болды
sp;АСТАНА. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Норвегиядан келген, Бейбітшілік және адам құқығы орталығының президенті Кьель Магне Бондевик мырзаны қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Айта кету керек, норвегиялық мейман Астанаға үшінші рет келіп отыр. Мейман: «Мен алғаш рет көктемде Премьер-министр болып тұрған кезімде келдім, екінші рет діндер конференциясына орай елордаға ат басын тіреп едім. Осы жолы қыстың суығында келдім. Мұндай суық біздің елде қаңтар, ақпан айларында ғана болады. Алайда, күннің суықтығы екі елдің ыстық ықыласқа толы қарам-қатынасына ешқандай әсер етпейді»,- деп өз ойымен бөлісті.
Алдағы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі елдің өмірінде үлкен маңызға ие екенін айтып өтті. Қазақстанның ұстанған бағытымен таныс екенін білдірді.
Кездесуде Мәжіліс Төрағасы қазір Қазақстан тарихи кезеңнің алдында тұрғанын мәлім етті. Бейбітсүйгіш еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен кезде әлемде тыныштық пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында ізгі бастамаларды жүзеге асыруды көздеп отырғанын жеткізді.
«Қазақстан алғашқы күннен бастап өзін демократиялық ел деп жариялады. Біздің елде адам құқығы сақталады. Жүзден астам ұлттың өкілдері бейбіт өмір сүруде. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жылдай уақыт болды. Үш рет Әлемдік діндер көшбасшыларының съезі өтті. Бұл - тәуелсіз жас мемлекеттің өркениетке бастаған жолы»,- деді Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджанов.
Мейман К.М. Бондевик жылы жүздесу болғаны үшін ризашылығын білдірді. Осы кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқығы жөніндегі комиссияның төрағасы Сағынбек Тұрсынов қатысып, елімізде адам құқығының қорғалуы туралы ойларын ортаға салды.