Кездесуге Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық байланысы арқау болды
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. ҚазАқпарат. Бүгін Мәжіліс Төрағасының орынбасары Жәнібек Кәрібжанов Франция Парламентінің депутаты Бернар Брошанмен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мейман Парламент депутаты болумен қатар әйгілі кинофестивальдер астанасы ? Канн қаласының мэрі. Кездесуде Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасқа Франция айырықша көңіл бөлетіндігі білдірілді. Қазақстан өз аймағында көшбасшы ел ретінде танылып отырғанын, оның сыртқы саясаттағы белсенділігіне жоғары баға берді.
Мәжіліс Төрағасының орынбасары қонақтарға Қазақстан үшін үлкен мәртебе болып отырған 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге талпыныс кезінде қолдау көрсеткендіктері үшін алғыс сезімін білдірді. «Өткен жыл екі ел арасында үлкен достық байланыстар жылы болды. Францияның Премьер-Министрі елімізге келді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Францияға барып, халықаралық деңгейдегі кездесулердің нәтижесінде стратегиялық әріптестік қарым-қатынастарға айтулы үлес қосылды. Енді біз Франция Президенті Николя Саркозиді үлкен әзірлікпен күтудеміз»,- деп мәлімдеді Төрағаның орынбасары.Ж.Кәрібжанов мамыр айында Астанада өтетін «Қазіргі Қазақстан және «Еуропаға жол» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға француздық әріптестерінің де қатысатынына сенімді екендігін білдірді. «Сондай-ақ, биыл маусым айында БҰҰ-ның аясында Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үшінші съезіне Франция елінен де өкілдер қатысады деген үміттеміз»,- деді ол. Кездесуге Мәжілістегі «Қазақстан-Франция» достық тобының мүшелері, депутаттар Сансызбай Есілов пен Мұрат Ахмадиевтер қатысты.