Кезекте тұрған алматылықтар пәтер кілтін алды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда кезекте тұрған тағы 164 отбасы қоныс тойын тойлайды.
Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ғалымжан Әбдішүкірұлының айтуынша, жалдамалы пәтерлер қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан бөлінген.
«Үй кезегінде тұрған 164 адам халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Бұл жетім балалар, I және II топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер, толық емес отбасылар. Олар ай сайын пәтердің жалдау ақысын төлейді. Бір бөлмелі пәтерді жалға алу құны шамамен 10 мың теңге, екі бөлмелі пәтерге шамамен 15 000 теңге. Коммуналдық қызметке ай сайын ақы төлеу қажет. Бағдарламаның шарты бойынша азаматтарға пәтерді жалға беруге немесе қайта жоспарлауға тыйым салынады», — деді ол.
Пәтер кілтін алған екі баланың анасы алматылық Дариға Мақажанова өмір бойы 10 шаршы метр жатақханада әпкесімен бірге тұрып келген.
«Менің екі балам бар. Қызым Аружан мүгедек. 2012 жылы мен ХҚО-ға барып, кезекке тұрдым. Қазір әпкеммен және балаларыммен бір бөлмеде тұрамын. Өте тар, кейде арамызда түсініспестік те туатын. Пәтер кілті табысталатынын естігенде, жыладым, сенбедім. Бізге екі бөлмелі пәтер берілді», — деді ол.
Он жылдан астам уақыт бойы тұрғын үйге кезегінде тұрған Әлия Бежанова да баспаналы болды.
«Екі баламмен бірге талай жыл кезекке тұрдым. Біз қазір қала сыртында 120 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз. Бізге қоңырау шалып, пәтер туралы айтқан кезде сенбедік. Басында алаяқтар деп ойладық. Көптен күткен пәтеріміз үшін Алматы қаласының әкімдігіне рахмет айтамыз. Әлі күнге дейін қуаныштан жылап жүрмін», — деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бірер күн бұрын ХӘОТ санатындағы кезекте тұрған 124 адамға пәтер кілті тапсырылған еді.
124 пәтердің 49-ы — бір бөлмелі, 75-і — екі бөлмелі.