Кезектен тыс аттестаттаудан ІІМ-нің 92 қызметкері өтті
АСТАНА. 9 маусым. ҚазАқпарат - Кезектен тыс аттестаттаудан ІІМ-нің 92 қызметкері өтті.
Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ кадрлық жұмыс басқармасының басшысы, полиция полковнигі Қуаныш Күмісбеков мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, кезектен тыс аттестаттаудың бірінші кезеңі 28 мамыр мен 1 маусым аралығында өтті. Оның барысында ішкі істер органдарының 23 қызметкері қамтылды. 4-8 маусым аралығында болған екінші кезеңде аттестаттаудан ішкі істер органдарының 69 қызметкері өтті.
«Негізінен олар аумақтық бөлімшелердің басшылары, министрдің орынбасарлары, ІІМ орталық аппаратының басшылары, оның ішінде комитеттер төрағалары мен министрлік департаменттерінің бастықтары бар», - деді Қ. Күмісбеков.
Оның сөзіне қарағанда, 11-19 маусым аралығында аттестаттаудың үшінші кезеңі өтеді.
Жоғары аттестациялық комиссияның аттестаттауы аяқталғаннан кейін, ІІМ-нің Орталық аттестациялық комиссиясы құрылады. Осыдан соң аумақтық ішкі істер органдары жеке құрамдарының аттестациясы басталмақ.
Жалпы, ішкі істер органдары қатарында кезектен тыс аттестаттаудан 74 мыңнан астам қызметкер өтуі тиіс.