Кезектен тыс Президент сайлауы сияқты маңызды науқаннан қалың көпшіліктің барынша кеңірек хабардар болғаны абзал - ОСК мүшесі
АСТАНА. 30 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауы өтетін күн туралы, сайлауда дауыс беру тәртібі туралы қазір қанша айтсақ та артық болмайды.
Себебі бұл қалың көпшілікті еліміздегі маңызды науқаннан барынша кеңірек хабардар етуге ықпалын тигізеді» - дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова. Бұл туралы ол Қазақпарат тілшісіне берген сұхбатында мәлім етті.
ОСК мүшесінің сөзіне қарағанда, Орталық сайлау комиссиясы 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына арнап 20-дан астам роликтер мен 800 билборд дайындады. «Дауыс беру 3 сәуір күні барлық сайлау учаскелерінде таңғы 7-00-ден басталып, кешкі 20-00-ге дейін жалғасады. Байқаушылар үшін айтарым, сайлау учаскелері дауыс беру шарасы басталардан 1 сағат бұрын ашылады. Яғни, учаскелік сайлау комиссияларының есігі таңғы 6-00-де ашылады. Онда учаскелік сайлау комиссияларының өкілдері өздері атқаратын қызметтерді бөліседі. Сондай-ақ бюллетеньдер саны нақтыланып, олар учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне таратылады. Дауыс беру 20-00-де аяқталады. Дегенмен тап осы 20-00-де учаскелік комиссияларда жүрген азаматтарға уақыттың өтіп кеткендігіне қарамастан дауыс беруге мүмкіндік жасалады. Азаматтардың сайлау учаскелеріне кешікпегендері абзал»,-деді Т.Охлопкова.