Кезектен тыс Президент сайлауын бақылау үшін 386 байқаушы тіркелді - ОСК
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Орталық сайлау комиссиясы 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауын бақылау үшін елімізге келген 229 байқаушыны тіркеді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының кезекті мәжілісінде мәлім болды.
Отырыста аталмыш мәселе бойынша баяндама жасаған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлапкованың айтуынша, тіркелген байқаушылардың ішінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының өкілдері - 18, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымы миссиясының өкілдері - 191, шет мемлекеттерден - 20 байқаушы, Түркия елінен - 12, Босния мен Герцеговинадан -1, Литва елінен - 2, АҚШ-тан 5 байқаушы тіркелген. Сөйтіп кезектен тыс Президент сайлауын байқауға ниет білдірген және тіркелген байқаушылардың жалпы саны - 386 адамды құрады.
«Бұлардың барлығы да ұзақмерзімді байқаушылар»,- деді Т.Охлапкова.