Кезектен тыс Президент сайлауына қатысты науқан басталғалы ОСК-ға азаматтардан 14 өтініш түскен

АСТАНА. 11 наурыз. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына қатысты науқан басталғалы Орталық сайлау комиссиясына азаматтардан 14 өтініш түсті.

Кезектен тыс Президент сайлауына қатысты науқан басталғалы ОСК-ға азаматтардан 14 өтініш түскен

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында аталмыш комиссия төрағаны Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Оның сөзіне қарағанда, тұрғындардан түскен шағымдардың біреуі ОСК-ның әрекеттеріне байланысты. Тағы екі шағым сайлауалды үгіт науқаны барысында орын алған сайлау заңдарын бұзу әрекеттеріне қатысты болды. «Алайда оларды тексеру барысында үгіт-насихат науқанында ешқандай заң бұзу фактілерінің орын алмағандығы мәлім болды. Сондықтан шағым иелеріне тиісті түсініктеме берілді. Тағы 2 өтініш қаралуда», - деді Қ.Тұрғанқұлов.

Ол сөзінде сондай-ақ өзінің шешімі негізінде 3 сәуірге тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына байланысты азаматтар мен қоғамдық бірлестік өкілдерінің өтініштерін қараумен айналысатын жұмыс тобы құрылғандығын атап көрсетті. Оның құрамында Орталық сайлау комиссиясы мен Бас прокуратураның, Байланыс және ақпарат, Қаржы, Ішкі істер және Әділет министрліктерінің өкілдері бар. «Бұл жұмыс тобы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы консультативті кеңес беру органы болып табылады. Жұмысшы топтың негізгі мақсаты - ОСК-ға тұрғындардан түскен өтініштер мен шағымдарды топтастыру және жиі түсетін шағымдар бойынша тиісті шешім қабылдау болып табылады. Жұмыс тобының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады. Жұмыс тобының алғашқы отырысы бүгін өтеді», - деді ОСК төрағасы.