Кезектен тыс Президент сайлауына қатысуға өтініш берген адамдар саны 14-ке жетті
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президент сайлауына қатысуға тағы бір азамат өтініш берді.
Бұл туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.
ОСК баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, өтініш берген азамат 1968 жылы туылған Астана қаласының тұрғыны Адалбек Құнанбаев. Ол елордадағы оқу орындарының бірінде тарих пәнінен сабақ береді.
Осылайша 16 ақпандағы жағдай бойынша Президенттік сайлауға қатысуға ниет білдіріп отырған азаматтар саны 14 адамға жетті.
Олардың 2-уін, яғни "Кенесары хан" қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров пен Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Қанат Есжановты Орталық сайлау комиссиясы мемлекеттік тілді жеткілікті деңгейде меңгермегендеріне байланысты ҚР Президенттігіне үміткер ретінде тіркеуден бас тартып, тиісті қаулы қабылдады. Ал тағы бір үміткер павлодарық зейнеткер Зәуре Масина сайлауға түсу жөніндегі өтінішін қайтарып алды.
Президенттіктен үміткерлер ретінде өтініш берген азаматтардың екеуі саяси партиялардың атынан сайлауға түседі. Атап айтқанда ОСК-ға осыған дейін «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өтініш берсе, оның ізін ала Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы атынан партияның хатшысы Жамбыл Ахметбеков құжат тапсырды. Ал қалған үміткерлер өздерін өздері ұсынғандар.
Бүгінге дейін үш кандидат, атап айтқанда қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, заңгер Сәлім Өтен және эколог-ғалым Мұсағали Дуамбеков және «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры Қанат Турагелдиев лингвистикалық комиссияның сынынан сүрінбей өтті. Қазіргі таңда мемлекеттік тілден емтиханнан өткен азаматтардың ішінде Қ.Турагелдиевтен өзгелері өздерін қолдаған сайлаушылардың қолдарын жинауға кірісіп кетті. ОСК қабылдаған қаулыға сәйкес, ҚР Президенттігіне кандидатты қолдағаны расталған қолдардың саны 91 010 -ды құрауы тиіс.
Ал Президенттік сайлауға қатысуға өзін-өзі ұсынған қалған кандидаттар мыналар: Павлодар облысының 55 жастағы тұрғыны, уақытша жұмыссыз Нұрсила Күсетайұлы, «Бастион- Аст» күзет агенттігі» ЖШС-де күзетші болып істейтін 48 жастағы Толыбай Баймурзин, «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек, 1954 жылы туылған жамбылдық Гүлдана Тоқбаева, 1957 жылы туылған алматылық Мая Қарамаева.