Кезектен тыс президенттік сайлау: Е.Серғазин «Конституция - тұрақты даму кепілі» тақырыбында шығарма жазуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия алдында президенттікке өзін-өзі ұсынған Ержан Серғазин сынақ тапсыруға кірісті.
«Серғазин Ержан Мерекеұлы 1971 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді. Алматы қаласында тұрады. Әскери шені майор. Президенттікке өзін-өзі ұсынып отыр», - деді кандидатты таныстырған комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков.
М.Жолдасбеков үміткерге мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін дәлелдеу үшін үш кезеңнен тұратын сынақ тапсыратындығын айтты және емтихан шарттарын жан-жақты таныстырып өтті.
Осыдан кейін Е.Серғазин бірінші жазбаша сынақта «Конституция - тұрақты даму кепілі» тақырыбын таңдап, 2 беттік шығарма жазуға кірісті.