Кезектен тыс президенттік сайлау: коммунист Т.Сыздықов қазақ тілін еркін меңгерген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның коммунистік халық партиясы атынан кезектен тыс президенттікке үміткер Тұрғын Сыздықов мемлекеттік тілді жетік меңгерген.

Кезектен тыс президенттік сайлау:  коммунист Т.Сыздықов қазақ тілін еркін меңгерген

Мұндай шешімді бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссия шығарды.

Лингвистикалық комиссияға Қазақстанның коммунистік партиясы атынан үміткер Тұрғын Сыздықов дәстүрлі сынақтың үш кезеңінен өткенін айтқан комиссия төрағасы М.Жолдасбеков: «Бірінші сынақта «Біздің күшіміз бірлікте» деген тақырыптағы жазбаша жұмыс болды. Тақырып ашылған. 6 қате жіберіпті. Оның ішінде 3-еуі емле, 2-еуі тыныс белгісі, 1-еуі стилдік қате. Айтайын дегенім, Л.Қойшиевадан кейін сауатты, тақырыбы ашылған жұмыс осы Сыздықов мырзаның жұмысы болды», - деді.

Комиссия төрағасының айтуынша, екінші кезеңде үміткер Бауыржан Момышұлының прозасынан үш беттік мәтін оқыған.

«Жақсы оқыды. Біз оқыған мәтінді түсінді ме, түсінбеді ме деген оймен барлық үміткерлерімізге сұрақ қойып жүрміз. Көбі не оқығанын білмейтін еді. Ал енді Сыздықов мырза өз оқыған мәтінді өте әдемі жақсылап айтып берді», - деді ол.

Үміткер үшінші сынақта «Астана - тәуелсіздік тұғыры» тақырыбында 15 минут сөз сөйлеген.

«Сәтті тақырып келген сияқты. Жақсы жауап берді. Сонымен біздің комиссия мүшелері риза болып отыр. Қорытындымыз, Тұрғын Ысқақұлы Сыздықов мемлекеттік тілді еркін меңгерген», - деді М.Жолдасбеков.