Кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысқысы келген үміткерлердің саны 3 адамға азайды
АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысқысы келген үміткерлердің саны 3 адамға азайды. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында аталмыш комиссия төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде осыған дейін ОСК-ға кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысқы келетіндіктерін білдіріп, барлығы 11 адам өтініш түсірген. Олардың 2-еуін, яғни Уәлихан Қайсаров пен Қанат Есжановты ОСК Конституция мен «ҚР Сайлау туралы» заңның үміткерлерге қоятын талаптарына сай емес деп тауып, Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты. Ал павлодарлық зейнеткер Зәуре Масина өзінің өтінішін қайтарып алған. «Осылайша қазір Президенттіктен үміткерлердің саны 8 адамды құрап отыр»,-деді ОСК төрағасы.
Естеріңізге сала кетейік, кезектен тыс Президенттік сайлауға үміткер 8 азаматтың 2-еуі сайлауға саяси партиялар атынан түсуге ниеттеніп отыр. Атап айтқанда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы, ал Жамбыл Ахметбековтың кандидатурасын Қазақстанның Коммунистік Халықтық партиясы ұсынып отыр. «Ал заңгер Сәлім Өтен, эколог-ғалым Мұсағали Дуамбеков, «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек, «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры Қанат Турагелдиев, павлодарлық уақытша жұмыссыз Нұрсила Советқазы Күсетайұлы және «Бастион - АСТ» күзет агенттігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күзетшісі Толыбай Баймурзин өздерін өздері ұсынып отырған үміткерлер.