Кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін ОСК-ге өтініш берген азаматтардың саны 11-ге жетті

АСТАНА. 15 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 3 сәуірге белгіленген кезектен тыс Президенттік сайлауға қатысу үшін Орталық сайлау комиссиясына өтініш түсірген азаматтардың саны 11-ге жетті.
None
None

Бұл туралы бүгін журналистердің сауалдарына жауап берген Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті.

«Президенттіктен үміткерлер ретінде өтініш берген азаматтардың саны 11 адамды құрап отыр. Олардың екеуі саяси партиялардың атынан сайлауға түспек ниетте. Атап айтқанда ОСК-ға осыған дейін «Нұр Отан» Халықтық демократиялық партиясы ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өтініш берді. Одан кейін Қазақстанның коммунистік халықтық партиясы атынан партияның хатшысы Жамбыл Ахметбеков құжат тапсырды. Ал қалған үміткерлер өздерін өздері ұсынғандар»,-деді Б.Мелдешов.

Б. Мелдешев сайлауға қатысуға ниет білдіріп, өзін-өзі ұсыну жолымен ОСК-ға алғаш болып заңгер Сәлім Өтен өтініш түсіргенін еске салып өтті. Осы уақытта үміткер лингвистикалық комиссияның сынынан өтіп, қазір қол жинаумен айналысуда. Келесі кезектегі өтініш берген азамат «Кенесары хан» қоғамдық қорының президенті Уәлихан Қайсаров. «Өздеріңізге мәлім, лингвистикалық комиссияның емтиханын тапсыра алмағандықтан, біз кеше У.Қайсаровты тіркеуден бас тарту туралы қаулы қабылдадық», - деді Б. Мелдешев.

Оның айтуынша, үшінші үміткер Мұсағали Дуамбеков те лингвистикалық комиссияның сынына сүрінбей өтіп, қазір қол жинауда. «Аттан, Қазақстан» қозғалысының жетекшісі Амантай қажы Асылбек сайлауға қатысуға өтініш білдіргенімен лингвистикалық комиссияның отырысына келмей қалды. Бұдан кейін, «Нұр Отан» партиясы ұсынған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға қатысуға өтініш беріп, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін лингвистикалық комиссияның алдында дәлелдеп берді, қазір қол жинауда.

Оның айтуынша, аталмыш азаматтардан кейін Президенттікке үміткер ретінде ОСК-ға Астана қаласының тұрғыны, уақытша жұмыссыз Қанат Есжанов өтініш берген. Оның ізін ала «Нұр Ислам» туристік фирмасының директоры, Алматы облысының тұрғыны Қанат Турагелдиев құжаттарын тапсырды. Ал бүгін павлодарлық зейнеткер Зауре Масина, Қазақстанның халықтық коммунистік партиясының хатшысы Жамбыл Ахметбеков, Павлодар облысының 55 жастағы тұрғыны, уақытша жұмыссыз Нұрсила Күсетайұлы және «Бастион- Аст» күзет агенттігі» ЖШС-де күзетші болып істейтін 48 жастағы Толыбай Баймурзин де Президент лауазымынан үмітті екендіктерін білдіріп, ОСК-ға өтініш түсірген.

Соңғы жаңалықтар