ҚФФ футбол турнирлерін «күз-көктем» жүйесіне өткізуге дайын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның футбол турнирлерін «күз-көктем» жүйесі бойынша өткізу бастамасының уақыты жылжытылмайтын болды.

ҚФФ футбол турнирлерін «күз-көктем» жүйесіне өткізуге дайын

Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан футбол федерациясының оныншы есепті конференциясында федерация президенті Әділбек Жақсыбеков шараға қатысушылардың сұрағына жауап берген кезде айтты.

«Ақпан айының соңында ел чемпионатын «күз-көктем» жүйесімен өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Қазір жобалық-сметалық құжаттар дайын, дегенмен менің ойымша, бұл мәселені шегере тұру қажет сияқты, өйткені кейбір аймақтарда мұндай форматтарда турнир өткізу базалары әлі дайын емес», - деді «Шахтер» ФК директоры Ерден Халилин.

Өз кезегінде Ә. Жақсыбеков бұл дүниежүзілік талаптар екенін және оған Қазақстан қай уақытта да дайын болу керектігін ескертті.

«Біз 2015 жылдан бастап «күз-көктем» жүйесіне өтуге шешім қабылдадық. Бұған дейін екі рет бұл мәселені кейінге қалдырғанбыз, аймақ басшыларына, клуб иелеріне жаңалықтарға дайын болыңдар деп ескерткенбіз. Енді барлығы дайын болуы қажет. Өйткені барлық мамандар жаңа форматтың артықшылықтарын мойындап отыр», деп атап өтті Ә. Жақсыбеков.

Естеріңізге сала кетейік, футбол чемпионаттарын өткізу жүйесін «күз-көктем» форматына ауыстыру мәселесі 2015 жылға шегерілген болатын. Оның басты себептері ретінде футбол клубтары инфрақұрылымының дайын еместігі алға тартылып келген.