ҚФФ президенті жанкүйерлерді Ұлттық құрама жеңісімен құттықтады

«Барлық қазақстандық жанкүйерлерді, футболшыларды, мамандарды, жаттықтырушылар мен нөмірі бірінші спортқа бей-жай қарамайтын жандарды жеңіспен құттықтаймын! Кеше Ригада Қазақстан Ұлттық құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінің соңғы ойынында Латвия құрамасын 1:0 есебімен ұтты. Екі команда үшін де ойын оңай болған жоқ. Алайда, жеңіске деген құштарлық пен тактикалық сауаттылықтың арқасында біздің құрама жеңіске жетті.
Бұл жеңістен кейін Қазақстанның ұлттық құрамасы А тобында Латвияны төмен сырғытып, 5-ші орынға тұрақтады. Осылайша, қазақстандық футбол үшін маңызды рейтингтік ұпайға қол жетті», - деді ҚФФ президенті.
Сондай-ақ, федерация басшысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың отандық футболға деген қолдауы қазақстандық құрама үшін жеңіске жігер құйғанын да атап өтеді. «Ұлттық құраманың негізін жас футболшылардың құрауы алдағы уақытта жетістікке жетуге үміт отын жағады. Бұл жеңіс үлкен жетістіктердің бастауы деп сенеміз», - деді ол.