KFW: Қазақстандағы алғашқы сән апталығы қалай басталды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда өткен ең алғашқы сән апталығына небәрі 2 отандық дизайнер қатысқан. Бұл туралы Саят Досыбаев Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» ақпараттық-танымдық бағдарламасында айтты.

Саят Досыбаев
Фото: Видеодан алынған скрин

Спикердің айтуынша, оның сән саласына келуі шығармашылық білімнен басталған.

– Мен жалпы көркемсурет жоғары оқу орнын бітірдім, кейін өзімнің коллекциямды жасадым. 90-жылдары менің көрсетіліміне Қарағанды телевидениесінен журналист келді. Ол маған “бізде жаңа бағдарлама ашылайын деп жатыр, сен соған сай келесің” деді. Солай алғаш рет телевидениеге шықтым, – деді ол.

Спикер шетелдегі алғашқы тәжірибесін де еске алды.

– Кейін италиялық досым көмектесіп, аккредитация алдық, Миланға бардық, кейін Парижге бардық. Сол жақтан репортаждар жасадық. Түнгі үште тұрып, эфирге материал дайындайтынбыз. Сосын неге бізде де осындай подиум, модельдермен көрсетілім жасамасқа деген ой келді? Алматыға келген соң осыны ойластыра бастадық. Әріптесім Алексей Джен Мәскеуде еді, мен оны шақырып “біз өзіміз осындай жоба жасауымыз керек” дедім, – дейді спикер.

Оның айтуынша, алғашқы кезеңде дизайнерлер өте аз болған.

– Біз бастағанда дизайнерлер жоқ еді. Кімді көрсетеміз деп ойладық. Сол кезде Аида Кауменова мен Құралай Нұрқаділова болды. Екеуімен Almaty Fashion Week жасадық. Қалғаны шетелдік дизайнерлер болды. Олар Қазақстанды қызық көрді, “бай, мұнайлы ел” деп келді, – деді ол.

Кейін жоба біртіндеп кеңейген.

– Содан кейін дизайнерлер шыға бастады. Астанадан, Қарағандыдан, Шымкенттен дизайнерлер пайда болды. Қазір сән апталығы бірнеше өңірде өтеді, – дейді С. Досыбаев.

Сөз соңында ол жобаның қазіргі бағытын атап өтті.

– Қазір біз қазақтың ұлттық киімін және дизайнерлерді шетелде насихаттап жүрміз. Ресейге барамыз, Түркияда, Парижде, Миланда болдық. Қазір бір дизайнеріміз Нью-Йоркте көрсетілім жасап жүр, – деді Саят Досыбаев.

Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы сарапшылармен бірге Қазақстандағы тігін индустриясының маңызын, әлемдегі ахуал мен жағдайды жан-жақты талдап көрді.

Соңғы жаңалықтар