«ҚХА 20 жыл: Бір ел - бір тағдыр» жинағының таныстырылымы өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бейбітшілік пен келісім мәдениеті» атты ІІ халықаралық медиафорум аясында «Казахстанская правда» газетінің «ҚХА 20 жыл: Бір ел - бір тағдыр» атты жинағы таныстырылды.

«ҚХА 20 жыл: Бір ел - бір тағдыр» жинағының таныстырылымы өтті

«Бүгінгі форум аясында тағы бір шара өтпек. Биылғы жыл Ассамблеяның 20 жылдығы. Соған орай көптеген ақпарат құралдары Ассамблеяның 20 жылдығын халыққа паш етуге өздерінің үлесін қосып жатыр. Солардың бірі - «Казахстанская правда» газеті», - деп атап өтті жинақтың тұсаукесерінде сөз сөйлеген «Қоғамдық келісім» РМК директорының орынбасары Ғазиз Телебаев. Өз кезегінде газет бас редакторының орынбасары Татьяна Костина сөз сөйлеп, жинақ жайында толық мағлұмат берді. «Бұл біздің басылымның екінші кітабы. Бірінші жинақ Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдық қызметіне арналған болатын. Ал бүгін таныстырылып отырған басылымда ҚХА-ның соңғы 5 жылдағы жұмысына сараптама жасалған. Біздің кітабымыз 7 бөлімнен тұрады», - деді ол. Т.Коскинаның сөзіне қарағанда, аталған бөлімдерде ҚХА қызметіне шолу жасалып, басылымның Ассамблеяның сессияларына, Елбасының сөйлеген сөздеріне қатысты мақалалары топтастырылған.