ҚХА эстафетасының нышаны - Тайқазан ҚР ұлттық музей қорына табыс етілді (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық музейінде Халықаралық музей күніне орай ауқымды іс-шара өтті. Соның аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «ҚХА - 20 ізгі іс» эстафетасының нышаны - Тайқазан салтанатты түрде музей қорына табыс етілді.
Сондай-ақ, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған кітаптар топтамасын музейге сыйға тартты, деп хабарлайды «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі» РМҚК Ақпараттық-имидждік жұмыс қызметі.
Мерекелік шара Ұлттық музейдің алдындағы алаңқайда кәсіби би ұжымдары мен еріктілердің және моберлерден құралған 300 адамның флэшмобпен басталды. Онда Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы және еліміздегі музей ісінің өткені мен бүгіні театрландырылған қойылым арқылы сахналанды. Қойылым кезінде Қазақ хандығының тарихынан сыр шертіліп, «Мәңгілік ел» идеясы насихатталды. Сақ жауынгерінің киімдерін киген жастар сап түзеп, елге, жерге қорған болудың жарқын үлгісін көрсетті.
«Ұлттық музей 18 мамырда аталып өтетін Халықаралық музей күнін бастап кетті. Біз мереке қарсаңында Қазақстанның барлық өңірлерін аралаған Тайқазанның Ұлттық музейге тапсырылуын жақсылыққа балап отырмыз. Себебі Тайқазан - тоқшылық пен молшылықтың белгісі», - деді салтанатты шараның ашылуында Ұлттық музейдің директоры Дархан Мыңбай.
Ол биылғы жыл Қазақ хандығының 550 жылдығы, Жеңістің 70 жылдығы, Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы секілді атаулы даталарға толы жыл екенін баяндады.
«Атаулы даталардың барлығы халқымыздың бірлігі мен тұтастығын нығайтып, рухын биіктете түседі. Тайқазанның Ұлттық музейге Халықаралық музей күні қарсаңында әкелінуінің мәні зор. Өйткені, 18 мамыр күні Ұлттық музейде «Музейдегі түн» атты мерекелік шара өтеді. Сол күні музейге келген жұрт Тайқазанды көреді.
Музей - халықтың жады. Бүгінде Ұлттық музей қазақтың қасиетті қара шаңырағына айналып отыр. Біз музейге келген адамдарға дінаралық, ұлтаралық татулығымызды және берекелі ел екенімізді осындағы экспонаттар арқылы көрсетуіміз керек. Біз осы бағытта еңбек етіп, осы мақсатқа күш жұмсауымызды алдағы уақытта да жалғастыра береміз», - деді Ұлттық музей басшысы.
ҚР Президенті жанындағы Қоғамдық келісім республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Жанна Шаймұханбетова өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ынтымақ пен ырыстың ұйытқысы болып отырғанын алға тартып: «Біз халықаралық музей күні қарсаңында «Қазақстан халқы Ассамблеясы - 20 ізгі іс» эстафетасының нышаны болған Тайқазанды Ұлттық музейге сақтауға берейін деп тұрмыз. Бұл нышан 74 күн бойы еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ізгі істерді жинады. Эстафета кезінде 35 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. 620 мың адамның қатысуымен 2500 игі іс атқарылды. Іс-шаралар Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды, балалар үйінің тәрбиеленушілерін және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған жандарды қолдауға бағытталды. Осының барлығы «Мәңгілік елдің» іргесін бекітіп, берекесі мен бірлігін арттыру үшін жасалды», - деді.
Ж.Шаймұханбетова айтуынша, мұқтаж жандарға көмек көрсету үшін 2 миллиардтан астам ақша жиналған. Іс барысында әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтеріп, қолданысқа берілген. 1000-нан аса ағаш отырғызылып, аймақтарда патриоттық акциялар ұйымдастырылған.
Басқосу барысында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы Ұлттық музейге Жеңістің 70 жылдығына арналған кітаптар топтамасын сыйға тартты.
Бұл туралы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Басқарма төрайымы Нұржан Мұхаметжанова: «Осыдан біраз күн бұрын Қазақстан халқы жеңістің 70 жылдығын тойлады. Елбасы, Қазақстан Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев жеңіс парадын, әскери шеруді қабылдады. Жеңістің 70 жылдығы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында да ерекше ықыласпен аталып өтті. Соның бір белгісі ретінде біз бүгін Ұлттық музейге 4 бөлімнен тұратын «Жеңіске тағзым» деп аталатын кітаптарды табыстамақшымыз. Алғашқы кітап 7 бөлімді деректі фильмнен тұрады. Онда халқымыздың батыр ұлдары мен батыр қыздарының ерліктері баяндалады. 70 деректі фильмнен құралған топтамада есімдері мен ерліктері ескерусіз қалған қаһармандарымыз жайлы сыр шертіледі. Келесі кітапта Қазақ радиосының алтын қорынан алынған 20 асқақ дауыс әспеттеледі. Бұл жерден Ұлы Жеңістің 20 жылдығына 1965 жылы жазылып алынған Бауыржан Момышұлының, 1930 жылы жазылып алынған Талғат Бигелдиновтың, Қасым Қайсеновтың және тағы да басқа танымал тұлғалардың дауысын тыңдауға болады. Ал төртінші кітапқа майданнан жазылған хаттар топтастырылды», - деп атап өтті.