ҚХА - қиын кезеңде халықты ортақ мүддеге жұмылдырып, бір мақсат, бір болашаққа бағыттаған ұйым - Қ. Сұлтанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы - қиын кезеңде жалпы халықты ортақ мүддеге жұмылдырып, бір мақсат, бір болашаққа бағыттау үшін құрылған ұйым. Мұндай ойды бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық тарихы» тақырыбындағы дәріс-таныстырылым кезінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов айтты.
«Біз Тәуелсіздігімізді алған күннен бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының басты жобаларының бірі ел ішіндегі тыныштықты, өзара түсіністікті, бірлікті, ынтымақты қамтамасыз ету, сол арқылы экономикалық реформалар жасау болды. Өйткені Кеңес одағы құлаған кезде, Балтық жағалауы, Орта Азия, Кавказ елдерінде, тіпті Ресейдің өз ішінде де ұлтаралық қақтығыстар болып жатты. Әр ұлт Кеңес одағы кезінде көрген қиыншылықтарын, қуғын-сүргінін айтып, жағдай одан сайын ушығып тұрған еді. Сол кезде жалпы халықты ортақ мүддеге жұмылдырып, бір мақсат, бір болашаққа бағыттауға арналып құрылған ұйым - осы Қазақстан халқы Ассамблеясы болатын. Бұл ұйым біздің елімізде тұңғыш рет құрылды, әлі де көптеген елдерде мұндай институт жоқ», - деп атап өтті ол.
Айта кетейік, дәріс-таныстырылым 3-5 ақпан аралығында Астана қаласының барлық жоғары оқу орындарында өткізіледі деп жоспарланған. Шараны ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе ұйымдастырып отыр. Дәріс-таныстырылым Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының салтанатты бастау алуына орайластырылған.
Бүгінгі дәріске ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтановпен қатар, «Оберег» украин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Тамара Ширмер қатысты.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 5 ақпанда күні бойы Астана қаласының 11 университетінде дәрістер ұйымдастыру жоспарланған. Онда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің мүшелері, Астана қаласындағы этномәдени бірлестіктердің басшылары және белгілі қоғам қайраткерлері студенттерге арнайы дәріс оқып, өз ойларымен бөліседі.