ҚХА қоғамдық келісім кеңесі еңбек дауында медиатор бола алады - Е.Тоғжанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім кеңесі еңбек дауында медиатор бола алады. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов айтты.
«Қоғамдық кеңестің кез келген шешімін заңдастырып, облыстық әкімдіктердің шешімі арқылы барлық мемлекеттік органдарға жіберуге болады. Меніңше, бұл бүгінгі таңда қажетті болып отырған әрі қолданысқа еркін енгізуге болатын тетік. Тіпті, этникалық мәселеге қатысы жоқ, жалақы мен еңбек жағдайына қатысты өрбісе де, оны қолдануға болады. Мұндай сипаттағы мәселелерді қоғамдық кеңес қарауына енгізу қажет», - деді ол.
Оның пайымынша, ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің жұмысын дұрыс бағытта жүргізу қажет. Сол кезде кеңес еліміздегі еңбек ұжымдарында туындайтын дауларды шешуде медиатор бола алады.
«Уақыт өте келе біз бұл жұмыстарды дұрыс жолға қоя алсақ, онда Ассаблея институты, толықтай алғанда қоғамдық келісім кеңесі бұл мәселеде медиатор рөлін атқара алар еді», - деді Е.Тоғжанов.