ҚХА қоғамдық құрылымдары арқылы медиация бойынша 1 мыңнан астам дау шешілді - Е.Тоғжанов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім жөніндегі республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысында ҚХА мен ҚР Жоғарғы Соты арасында медиация институтын дамыту туралы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Меморандумға ҚХА Хатшылығы тарапынан ҚХА мүшесі Леонид Прокопенко, ҚР Жоғарғы Сот тарапынан Соттар қызметін қамтамасыз ету департаментінің жетекшісі Ільяс Испанов қол қойды.
«2011 жылы Қазақстанда «Медиация туралы» заң қабылданды. Осы заңнама аясында елімізде халықаралық медиация орталығына тән тұтастай жүйе қалыптасты. Дәл осындай құрылым ҚХА мекемесі жанынан жеке бөлім ретінде ашылған болатын», - деді ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов. Оның айтуынша, медиация саласында тетіктерді нақтылау, шешімдер қабылдау жолдары бойынша әлі де атқарылатын жұмыстар баршылық. Сонымен қатар, ол медиация институтының қоғамдық келісім үшін де, тұтастай ел дамуы үшін де нақты пайда әкелетінін атап өтті.
«Қазақстанда қазіргі таңда кәсіби медиаторлар саны 782 адам, кәсіби еместер - 1097 адам болып отыр. Олардың арасында дауларды шешу көрсеткіші де жоғары. Мәселен, шешімін тапқан даулар 2041 болса, соның ішінде ҚХА қоғамдық құрылымдары арқылы шешілгендері 1024», - деді Е. Тоғжанов.