ҚХА Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы үндеуіне қолдау білдірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Парламенті депутаттарының елде мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізу және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын өткізу туралы үндеуін толығымен қолдайды. Бұл туралы ҚХА-ның үндеуінде көрсетілген.
Қазақстан халқы Ассамблеясы, бұл қадам Бес институционалды реформаларды, Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын тиімді іске асыру үшін аса қажет, деп санайды.
«ҚР Парламенті Мәжілісінің V шақырылымдағы депутаттарының құрамы өзінің тарихи рөлін атқарды. Ұлттық заңнамаға ел тарихында бұрын-соңды болмаған кең көлемді өзгерістер енгізуді жүзеге асырды.
Президенттік реформалар аясында қабылданған заңдар мемлекеттің, экономиканың, қоғамның дамуында түбегейлі жаңа құқықтық негіз қалыптастырды», делінген Ассамблеяның Мәжіліс депутаттарының ұсынысына қолдау білдірген үндеуінде.
Бұл - ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫҚ АРМАН - әлемдегі 30 озық елдің қатарына енуге жол ашып отыр.
Мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының құндылықтарын бекіту, азаматтық қағидаты негізінде жаңа қазақстандық бірегейлікті нығайту және дамыту үшін елдің жоғары заң шығару органының жұмысына жаңа сапа қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша ел Үкіметімен синхронды жұмысты қамтамасыз ету маңызды.
Күрделі жағдайда заң үстемдігін қамтамасыз ету, ашық үкіметті қалыптастыру, Қазақстан экономикасының әрі қарай өсуіне жағдай жасау жөніндегі терең реформалардың тиімділігі үшін Заң шығару органының мандатын жаңарту - орынды бастама.
«Біз Ұлт жоспары, Парламент Мәжілісі депутаттарының жаңа құрамын сайлау - барша халықтың экономикалық және азаматтық белсенділігін арттыру үшін қуатты қозғалтқыш күш болатына сенімдіміз.
Бұл Президенттік реформалардың орасан зор бағдарламасын іске асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Біз барлық азаматтарды - біздің ортақ мүддеміз бен ортақ мақсатымыз үшін, біздің ортақ Отанымыз - Қазақстан Республикасының өсіп өркендеуі жолында парламент сайлауын және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы ұсынысты қолдауға шақырамыз», делінген хабарламада.