ҚХА-мен арадағы меморандум зерттеулерді аймақтық деңгейде жүргізуге көмектеседі - Ерлан Қарин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты арасында өзара түсіністік пен әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

ҚХА-мен арадағы меморандум зерттеулерді аймақтық деңгейде жүргізуге көмектеседі - Ерлан Қарин

«Меморандум нақты жоспармен бекітілген, сол жоспар бойынша біз ҚХА-мен бірлескен зерттеулер жүргізіп, бірнеше маңызды ғылыми-тәжірибелік конференциялар мен дөңгелек үстелдер, талқылаулар ұйымдастырамыз. Сонымен қатар, бірқатар тематикалық журналдар шығару да жоспарланып отыр. Олар өз кезегінде біздің зерттеулерімізді одан әрі аймақтық деңгейлерде жүргізуге көмектеседі», деп атап өтті Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының директоры Ерлан Қарин. Өз кезегінде, ҚХА Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігінің ҚХА Хатшылығының жетекшісі Ералы Тоғжанов Қазақстанның қоғамдық келісім моделі қалыптасып, өзінің өміршеңдігін дәлелдегенін баса айтты. «Қазақстанның қоғамдық келісім моделі қалыптасты, өміршеңдігін дәлелдеді. Бүгінде ол көптеген шетелдіктердің қызығушылығын туғызып отыр. Бұл модель дүние жүзінде «Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық келісім моделі» деген атпен белгілі. Сондықтан, бұны ары қарай дамыту да, ел бірлігін нығайту да әрі үлкен, әрі маңызды, бір жағынан нәзік те дүние. Бұл бағытта біз міндетті түрде ғалымдармен бірге осы сұрақты ақылдасып отыруымыз керек. Әрбір қадамымызды ғылыми сарапшылардың ұсыныстарына байланысты қарап отыруымыз қажет. Сондықтан, талдау арқылы, талдама арқылы, ақылдасу арқылы осындай сұрақтарды шешу жолдарын қарастыруымыз керек. Бұл бағытта, сөз жоқ, Стратегиялық институттың атқарып отырған жұмысы өте маңызды. Бүгінгі қол қойылған Меморандумда осы мәселелердің барлығы қамтылды», - деді ол.