ҚХА мерейтойына арналған үздік ғылыми жұмыстардың тұсаукесері өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

ҚХА мерейтойына арналған үздік ғылыми жұмыстардың тұсаукесері өтті (ФОТО)

«Бұл жыл саяси тұрғыдан да, тарихи-ғылыми тұрғыдан да мән-мағынасы ерекше жыл болды деп айтсам артық емес. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы аясында үлкен шаралар өтті. Бұл сөз жоқ, ең алдымен Конституцияның 20 жылдығына, Қазақ хандығының 550 жылдығына, Жеңістің 70 жылдығына сай келді», - деді отырысты ашқан ҚХА Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов. Сонымен қатар Е.Тоғжанов өз сөзінде ағымдағы жыл Елбасының бес институттық реформасының аясындағы «100 нақты қадамды» жүзеге асырыла бастауымен ерекше екендігін баса айтты. «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының көтерілгеніне де біраз уақыт болды. Ол да қазір елдің арасында, облыстық жерлерде қарастырылып, талқыланды. Негізгі жобасының бірі патриоттар форумында қаралды. Нақты жергілікті жерлерден келген ұсыныстар, осы жердегі ғалымдарымыз берген ұсыныстар қазір таразыға салып, ертең қарауларыңызға ұсынатын болады», - деді ол. Кеңес барысында ҚХА Медиация институтын қалыптастыру мен дамыту бойынша өзекті мәселелер қарастырылып, қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайту жолындағы ҚХА кафедралары жұмыстарының негізгі бағыттары талқыланды. Шара соңында ҚХА мерейтойына арналған үздік ғылыми жұмыстардың тұсаукесері өтіп, бірқатар азаматтар «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.