ҚХА тасқын аумақтарына 600 тонна гуманитарлық көмек жөнелткен
АСТАНА. KAZINFORM – ««Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тимур Жұмырбаев Қазақстан халқы ассамблеясының тасқынмен күреске қалай атсалысып жатқанын мәлім етті.
«Бүгін елордадағы Достық үйінде «Жүректен жүрекке» акциясы өтіп жатыр. Соның аясында бүгін Солтүстік Қазақстан облысына гуманитарлық көмек тиеген 7 көлік шығады», - деді ол орталық коммуникациялар қызметі өткізген онлайн брифингіде.
Ассамблея өкілі этномәдени бірлестіктердің жұмысына меценаттар да қолдау көрсетіп жатқанын атап өтті.
«Қазақстан бойынша ассамблеяның атынан 11 мың ерікті тасқынмен күреске атсалысып жатыр. Қазақстан халқы ассамблеясы тасқын басталғаннан бері 600 тонна гуманитарлық көмек жинап, жөнелтті. Осы іске атсалысып жатқан меценаттардың үлесін ескерсек, жиналған көмектің ақшаға шаққандағы көлемі 430 млн теңгеге жетті. Меценаттар тасқынмен күреске 35 техника бөлді», - деді Тимур Жұмырбаев.