ҚХА Төрағасының орынбасары Е. Тоғжанов ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссар өкілімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов ЕҚЫҰ ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссардың саяси кеңесшісі Марк Фумагаллимен кездесті.

ҚХА Төрағасының орынбасары Е. Тоғжанов ЕҚЫҰ Жоғарғы комиссар өкілімен кездесті

«Біз біраз жылдар бойы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтаса жұмыстар атқарып келеміз. Тіпті бір кездері өзара іс-қимыл туралы меморандум да қабылдаған едік. Жоғарғы комиссар Кнут Воллебек те Қазақстанға жиі келіп тұратын», - деп атап өтті әңгіме барысында Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар, ҚХА төрағасының орынбасары қазақстандық ұлтаралық келісім үлгісінің қалыптасу тарихына тоқталып, осынау үлгінің әлемнің көптеген елдерінде мойындалғанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда барлық этнос өкілдерінің мәдениетін, тілі мен дәстүрін сақтап, дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Бұдан бөлек, Е. Тоғжанов ҚХА жұмысы мен Ассамблеядан сайланған депутаттар қызметі туралы мейманға баяндап берді.

«Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы бірегей институт. Ол атқарушы биліктің барлық органдарымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Ал ҚХА-дан сайланған депутаттар Парламентте басқа партиялық фракциялармен, депутаттық топтармен белсенді ынтымақтаса қызмет етіп келеді», - деді Е. Тоғжанов.