ҚХА жылы - Н. Назарбаевтың бейбітшілік, келісім, бірлік пен береке туралы идеясының жылы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы - Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік, келісім, бірлік пен береке туралы идеясының жылы. Мұндай пікірді бүгін Астанада өткен ҚХА Жылының салтанатты ашылу рәсімінде ҚХА Төрағасының орынбасары - Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов айтты.
"Құрметті достар! Мен сіздерді ҚХА Жылының ашылуымен құттықтаймын. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік, келісім, бірлік пен береке туралы идеясының жылы. Осыдан үш күн бұрын біздің делегациямыз Түркістаннан қасиетті Тайқазанды алып қайтты. Енді ол еліміздің барлық өңірлерін аралап шығатын болады" - деп атап өтті ол.
Е. Тоғжановтың айтуынша, Елбасының 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялауы тегіннен-тегін емес. ҚХА жылы - бірліктің, елдіктің, тұрақтылықтың жылы болмақ. "Сондықтан әрбір Қазақстан азаматының тікелей атсалысуының арқасында ғана бірлігіміз нығая түседі. Осылайша еліміздің аты дүниежүзіне таныла береді", - дейді Е. Тоғжанов.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі салтанатты шара барысында Астана әкімі Ә. Жақсыбеков Тайқазанды Ақмола облысының әкімі С. Кулагинге табыстаған болатын.