КХДР ядролық және ракеталық сынақтарға мораторийдің шарттарын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат -Америка Құрама Штаттары Пхеньянның барлық шарттарын орындайтын болса (олардың арасында америкалық-оңтүстіккореялық тұрақты әскери жаттығуларды тоқтату бар), КХДР ядролық жарылғыш заттар мен баллистикалық зымырандардың сынағын өткізуге мораторий жариялауы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

КХДР ядролық және ракеталық сынақтарға мораторийдің шарттарын атады

Бұл туралы сәрсенбі күні Үндістандағы КХДР елшісі Ке Чхон Ён үндінің WION телеарнасына берген сұхбатында мәлім етті.

«Белгілі бір шарттар бойынша ядролық және ракеталық сынақтарымызға мораторий қою туралы мәселені талқылауға дайынбыз. Мысалға, егер америкалық тарап ірі әскери жаттығуларды уақытша немесе тұрақты негізде тоқтататын болса, онда біз де уақытша тоқтатамыз. Корейлік мәселені бейбіт түрде қалай шешуге болатынын талқылайық», - деп атап өтті Үндістан елшісі.

Мамыр айының басында АҚШ президенті Дональд Трамп Bloomberg жаңалықтар қызметіне берген сұхбатында, егер оның пайдасы бар деп шешетін болса, КХДР көшбасшысы Ким Чен Ынмен кездесуге әзір екендігін айтқан болатын. Дегенмен, екі күннен кейін АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон америкалық тараптың шарттары бойынша қолайлы жағдайлар туындаған кезде ғана Вашингтон Пхеньянмен келіссөздерді өткізуге дайын болатынын ескертіп өткен болатын.

Оңтүстік Кореяның президенті Мун Чжэ Ин Корея түбегіндегі ядролық түйіткілдер бойынша алтыжақты келіссөздерді қайта жандандыру қажет деп санайды және бұған АҚШ пен Жапонияны көндіре алатынына үмітті. Алайда Пхеньян да қадамдар жасауы тиіс.