КХДР «жаңа қаруды» сынақтан өткізгенін растады
«Ким Чен Ын жұма таңында тағы да жаңа қаруды сынақтан өткізді», - делінген Корея Орталық ақпарат агенттігінің мәлімдемесінде.
«Біздің елдің қорғаныс саласындағы мақсаты – бізді арандатуға ешкімнің батылы бармауы үшін жеңілмейтін әскери әлеуетке ие болу», - деген Ким Чен Ынның сөзін келтіреді агенттік.
Дегенмен агенттік жаңа қару туралы бірде-бір ақпарат бермеді, тіпті атын да атаған жоқ.
Оңтүстік Корея Жапон теңізіне жақын қашықтыққа атылатын баллистикалық зымыранға ұқсайтын снарядтар ұшырылғанын хабарлаған соң, араға бір күн салып Солтүстік Корея мұны растап отыр.
Әскери сарапшылардың айтуынша, снарядтар АҚШ-тың тактикалық армиялық зымыран жүйесіне ұқсас.
КХДР жаңалық агенттіктері жариялаған фотосуреттерде зымырандардың Шығыс теңіздегі шағын аралдағы нысананы жойып жатқаны көрсетілген.